Міндетті мектеп формасы – заңды талап

 

Мектеп формасы мен оған қатысты көзқарас сан алуан. Біреулер мектеп формасын тәртіпке баулудың мүмкіндігі десе, енді біреулер ерікті тұлғаға ерте жастан жасалған қысым деп санайды.

Ең алдымен, мектеп формасының бірыңғай үлгісінің болуының маңыздылығына тоқталып өтейік. Бұның  бірнеше себептері бар.

Қазақстан – әлем мойындаған зайырлы мемлекет. Ал мектеп - мемлекеттік мекеме. Осыған орай кез-келген азамат мемлекеттің заңына бағынады. Мемлекет әр азаматтың тегін білім алуына мүмкіндік жасай отырып, оның жан-жақты дамуын қолдайды. Сонымен қатар мектеп қабырғасында білім алатын әр оқушы тең құқылы.

Екіншіден, әр отбасының әлеуметтік жағдайын ескерген дұрыс. Ата-аналар балаларын табыстарына қарай (қымбат немесе арзан) киіндіреді.Осы кезде ата-ана, оқушылар арасында психологиялық, әлеуметтік әртүрлі кедергілер туындайтынын жоққа шығара алмаймыз.

Үшінші – қоғамдағы діни ахуал. Мысалы, мектептерде мұсылман орамалымен, христиан өздерінің діни киімімен, яхуди өздерінің ритуалдық киімдерімен сабаққа келсе, бұл жерде конституциялық бірегейлікке де, конфессияаралық төзімділікке де  қайшы жағдайлар туындауы мүмкін.

Сондықтан да, мектептің мемлекеттік мекеме екенін ескере, ең бастысы мемлекеттігіміздің негізгі ұстанымы болған зайырлылық талаптарына сай,  мектеп оқушылары бірыңғай формада киініп жүрулері талап етіледі.

Ешкімнің де өз діни нанымдары себептері бойынша мемлекетіміздің  заңдары мен өзге де нормативтік құжаттарында көзделген міндеттерін атқарудан бас тартуға құқығы жоқ.

Мектеп формасының да өзіндік әлеуметтік-тұлғалық ақаратын қызметі, өзіндік жауапкершілігі бар. Біріншіден, кез келген форма белгілі бір мекемеге қатыстылықты білдіретіндіктен, тұлғаға сол мекеме алдындағы жауапкершілікті жүктейді. Екіншіден, форма – құқықтық қатынастар шегін айқындайтын бақылау құралы. Қарапайым мысалмен айтсақ, мектеп формасындағы бала сабақ уақытында көшеде жүрсе, кез келген полиция қызметкерінің оның мән-жайын сұрап, қадағалауға құқығы бар. Үшіншіден, бірыңғай форма мектеп жасындағы балалардың әлеуметтік тұрғыдан жіктелуіне, психологиялық қысымдардың орын алуына жол бермейді.

Көпшіліктің пікірінше бірыңғай мектеп формасының болуы талап етілуі тиіс. Өйткені оның да беретін тәрбиелік мәні зор. Бірыңғайлық балалардың бір-бірімен тең болуына, өзін оқушы сезінуіне, тиянақтылыққа, жауапкершілік қасиеттерге баулиды.

Мұнымен қатар, классикалық үлгідегі киімдер психологиялық деңгейде тәртіпке шақырып, үлкен өмірге дайындайды. Бұл мектеп формасының жақсы жағы десекте болады. Жастардың еліктеуге бейімдігін, бірінен бірінің қалғысы келмеуге тырысатындығын ескерсек, олардың мектеп ережесіне бағынуына мүмкіндік беретінде осы форманың бірыңғай үлгіде болуы. Ал мектеп формасы өз кезегінде жастарды еліктеушілік фанатизмнен сақтандырады сонымен қатар отбасылық бюджетті үнемдейді.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым миистрлігінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы №26 бұйрығымен, білім беру мекемелерінің Жарғысымен белгіленген міндетті  мектеп формасына қойылатын талаптарды орындауға, сондай-ақ білім алушылар білім беру ұйымында белгіленген киім формасын сақтауға міндеттелінді.

Конституция ең басты құқықтық қағидаттарды айқындайды. Ал онда айтылған азаматтық құқықтар мен мемлекет алдындағы міндеттерді салалық заңдар белгілейді. Құқықтар мен міндеттерге байланысты болатын немесе оларды шектеуі мүмкін қатынастар да дәл осы салалық заңдарда көрсетіледі. Сондықтан конституциялық және өзге де заңнамалық нормаларға сүйене отырып «Білім туралы заң» да өз саласындағы тиісті құқықтық қатынастарды айқындады. Оның ішінде білім алушылардың мектеп формасын сақтау міндеттілігі де бар.

Демек, Білім туралы заңның білім мекемесінің ішкі тәртібін сақтау мақсатында мектеп формасына қойған талаптары азаматтардың ар-ождан бостандықтарын бұзбайды, керісінше олардың заңнамалық нормаларға кең түсінікпен, ашық азаматтық тұрғыдан қарауын міндеттейді. Әр азаматтың заң қағидалары ар-ождан бостандығын қамтамасыз етумен қатар мемлекет алдындағы міндеттер мен жауапкершіліктерді қоса жүктейтінін есте сақтағаны дұрыс.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Білім басқармасы Бірыңғай мектеп формасын енгізу бойынша білім беру ұйымдарында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы №26 бұйрығымен бекітілген міндетті мектеп формасына қойылатын талаптардың орындалысы бойынша оқушылармен, олардың ата-аналарымен жан-жақты ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүзеге асырды.

Ата-аналар жиналыстары өткізіліп, ата-ана мен мектеп әкімшілігі арасында келісімшарттар жасалды.

Ағымдағы оқу жылынан бастап облыста бірыңғай мектеп оқушылар формасына конкурс жарияланып, барлық мектептерге бір үлгідегі мектеп формасы енгізілді.

Барлық   білім беру ұйымдарында мобильдік топтар құрылып, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы №26 бұйрығының орындалысына мониторинг жасалып, қосымша түсінік жұмыстары жүруде.

Ата-аналар мен оқушылар арасында ақпараттық түсіндіру  және  түрлі форматтығы жұмыстар  өзінің жүйелі жалғасын табуда.

 

Атырау газеті,  №92 саны. 2018 жыл